ӘлемМәдениет

Суретші Бэнкси алғаш рет жеке көрмесін өткізеді

ритан суретшісі әрі белсенді Бэнкси соңғы 14 жылда алғаш рет ресми жеке көрмесін өткізеді, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Алдағы сенбі, 17 маусымда Глазго қаласындағы заманауи өнер галереясында Бэнксидің көрмесі ашылады.

Көрмеге келушілер суретшінің осы ғасырдың басынан бері салған граффитилерінің авторлық көшірмелерін көре алады.

Картиналарын «клондау» үшін Бэнкси түпнұсқа туындыны жасаған кезде қолданған трафаретті қайта пайдаланған.

Бэнкси туындыларын соңғы рет 2015 жылы Соммерсет графтығында өзі ұйымдастырған Dismaland жобасы аясында көрсеткен. Дегенмен бұл ұжымдық көрме болды, оған елу автордың жұмыстары қойылды.

Глазгодағы көрмеде Бэнксидің граффитиін ғана емес, сонымен қатар оны салуға қолданылған трафареттерді де көруге болады. Олар граффитидің жанына қойылады.

Британдық көше суретшісі әлі күнге дейін аты-жөнін баспасөзден және көпшіліктен құпия сақтап келеді. Оның сыртқы келбеті қандай екені де белгісіз. Бэнкси соңғы рет 2003 жылы бетін жауып, «бетпе-бет» сұхбат берген еді.

Ол қазір шамамен 50 жаста және Бристольде туып-өскен деген болжам бар.

Суретші алдағы көрмеге орай жариялаған жазбасында қылмыстық қудалаудан қорқатындықтан жеке басын жасырып жүргенін айтты.

Дәл сол себепті қандай да бір мүлікке зиян келтірді деген айып тағылса, заттай айғақ ретінде танылмас үшін трафареттерін ұзақ жылдар бойы тығып ұстаған.

«Алайда ол уақыт өткен сияқты, енді оларды көркем галереяда тәуелсіз өнер туындысы ретінде көпшілікке ұсынып отырмын. Шынымды айтсам, оның қайсысы ауыр қылмыс екенін өзім де білмеймін», — деп жазады өнер иесі.

Суретшінің әлемнің оншақты қаласында салған туындыларының бір де бір түпнұсқасы осы күнге дейін сақталмаған.

Via
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button