Каирде ұйымастырылған мерейтойлық шара аясында ұлы қолбасшы жайлы жазылған кітаптың тұсаукесері рәсімі, сонымен қатар даңқты билеушінің құрметіне «Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс» мешітінің ашылуы өтті. Оған Қазақстаннан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев басқарған делегация да қатысты. Төраға өз сөзінде Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтті.
Айта кетейік, Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға. Мерейтой аясында екі елде 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Сенат төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр.
«Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға.»— деп айтты Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенат Парламентінің төрағасы.