Қырылған киіктерге қатысты Экология министрлігі түсінік берді
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Батыс Қазақстандағы киіктердің қырылуына қатысты пікір білдірді.
Ведомствоның дерегіне қарағанда, 19 мамыр күні сағат 18-00 шамасында Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Күйгенгүл округінің аумағы Ащыөзек өзенінің жағасынан Жәнібек тірек пунктінің тобы 150-ге жуық киік өлексесін анықтаған. Оның 95 %-ы төлі, 5%-ы аналықтары. Жануарлардың ұшалары 300 метр радиуста жатқан.
«Патологиялық материалдарды, сонымен қатар аумақтағы өсімдік, топырақ және ауа сынамаларын алу үшін оқиға орнына «Бөкейорда» резерватының қызметкері мен Жәнібек ауданының ветстанциясы, санэпидқызметі өкілдері жіберілді.
Сынамалар алынғаннан кейін аталмыш өлекселер Жәнібек әкімдігі мен «Охотзоопром»ӨБ«РМҚК қызметкерлерімен жойылады», — делінген министрліктің жазбасында.