Қоғам

Қазақстанда Каспий теңізін зерттейтін ғылыми институт ашылады

Елімізде Каспий теңізін зерттейтін ғылыми институт ашылады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды деп хабарлады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жиынға облыстық Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов, «Казагромелиоводхоз» РММ-нің басшысы Мақсат Монтаев, мемлекеттік мекемелер басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, NCOC компаниясының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

«Казагромелиоводхоз» РММ басшысының орынбасары Қайратқали Хайрулланың айтуынша, соңғы онжылдықта Каспий теңізінде елеулі өзгерістер байқалған. Теңізде су деңгейі төмендеген. Теңіз табанынан көмірсутекті шикізатты өндіруге байланысты антропогендік жүктеме артқан. Сондай-ақ теңізге түсетін төгінділерден ластаушы заттардың жоғары концентрациясы анықталып отыр. Заңсыз балық аулау, итбалықтар мен балықтардың қырылуы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әсер етеді.

Мемлекет басшысы Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн екенін айтқан болатын.

Мамандардың пікірінше, институт қызметі бірнеше бағытты қамтымақ:

  • Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын зерттеуге назар аударылады.
  • Су деңгейінің төмендеуі зерттеледі.
  • Итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептері анықталады.
  • Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселесі қамтылады.
  • Теңіздің ихтиофаунасын зерттеу ұсынылып отыр.
  • Каспий теңізінің акваториясы мен жағалауына тұрақты тексеру жүргізіледі.
  • Каспий маңы мемлекеттеріндегі әріптестермен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету көзделген.

Қазір ғылыми институттың концепциясы дайындалып жатыр. Институт бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасады. Ал Атырауда филиалын ашу көзделген.

TuraNews

Back to top button