Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында ұлттық идеология және жастарды тәрбиелеу мәселелерін қарау жоспарланған. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті, деп жазады Turanews.kz.
Оның айтуынша, Үкімет отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, қазақстандық бірегейлікті дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Соның аясында:
— Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын;
— Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын;
— Мәдени саясаттың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын;
— 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын;
— Ақпараттық доктринаны қабылдаған.
«Осыған қоса, қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдарды тұжырымдайтын ҚРПрезидент жанындағы Ұлттық құрылтай қызмет атқарады. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында ұлттық идеология және жастарды тәрбиелеу мәселелерін қарау жоспарланған. Жалпы бүгінгі таңда қолданыстағы тұжырымдамалар мен бағдарламаларда қазақстандық бірегейлікті, ұлттық идеологиялық құндылықтарды дәріптейтін бағыттар қарастырылған», — деп жазады Алтай Көлгінов.