Мәдениет

Эмомали Рахмон «Алтын Қыран» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Turanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның бауырлас халықтары арасындағы достықты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға Эмомали Рахмонның қосқан орасан зор үлесін атап өтті.

«Біз әрдайым барлық деңгейдегі тығыз және сенімді саяси диалогты қолдаймыз. Елдеріміз арасында берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстардың аясы ұдайы кеңейіп келеді. Біз Орталық Азиядағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес қоса отырып, аса маңызды халықаралық құрылымдар аясында өзара табысты әрекет етіп келеміз. Бүгінде мемлекетаралық байланыстарымыздың одақтастық қатынас деңгейіне көтерілгені қуантады. Бұл Сіздің екі ел арасында үлгілі қарым-қатынас қалыптастыруға ерекше атсалысқаныңыздың нәтижесінде мүмкін болды», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Э.Рахмон елдің жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталғанына ризашылығын білдірді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мені «Алтын Қыран» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдағаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Бұл награда, ең алдымен, бүкіл Тәжікстан халқының тәжік-қазақ қатынастарын, достығы мен ынтымақтастығын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген жоғары баға деп білемін. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге алдағы уақытта да бар күш-жігерімізді салатынымызға сенімдімін», — деді Тәжікстан басшысы.

 

 

 

TuraNews

Back to top button