Қазақстанның Тәжікстанға 60 тауар түрі экспортын ұлғайтуға әлеуеті бар — Серік Жұманғарин
Қазақстанның Тәжікстанға 60 тауар түрі экспортын ұлғайтуға әлеуеті бар. Бұл туралы Қазақстан-Тәжістан бизнес форумында Премьер-Министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты.
«Біздің болжамымыз бойынша ортаазиялық өңірдегі сауданың жиынтық әлеуеті 10 млрд доллардан асады. Қазіргі уақытта Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 416-сы – шағын кәсіпорын. Қазақстанның 2005 жылдан бастап Тәжікстан экономикасына салған инвестициясының көлемі – шамамен 132 млн доллар, ал Тәжікстаннан инвестиция ағыны – шамамен 21 млн доллар. Пандемияның аяқталуымен біз ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара іс-қимылымызды арттыратынымызға сенімдімін», — деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер уақыт өте келе екі ел бизнес-топтарының өкілдері арасындағы іскерлік байланыс нығая түсетіндігін атап өтті.
«Қазірдің өзінде біз өзара саудадағы әлеуетті көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстанның жалпы сомасы 140 млн доллар болатын 60 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту әлеуеті бар. Бұл – жеткізілімнің оң өсуі байқалатын өңделген өнімдердің тауарлары. Сонымен қатар, оларды жеңілдікті шарттармен ұсынуға дайын қызмет көрсетушілердің қызығушылығы зор. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы үшін Жерді қашықтықтан зондтау және спутниктік байланыс қызметтерін, ІТ қызметтерін атап өтуге болады. Мемлекеттік басқару мен ғылыми-инновациялық қызметтің цифрлық трансформациясы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға әзірлік бар», — деді ол.