БастыДенсаулық

Алматыда 356 адамды кене шақты

Алматыда 356 адамды кене шақты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы — Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы мәлім етті, деп жазады Turanews.kz.

Спикердін сөзінше, Алматыда медицина мекемелеріне кене шаққан 356 тұрғын жүгінген. Оның ішінде 1 адамнан кене энцефалиті табылды.

«Апта сайынғы мониторинг деректері бойынша биылғы эпидемиялық маусым басталғалы қаланың медицина ұйымдарына кене шаққан 356 адам жүгінді, оның 187-сі – бала. Көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге азайған. Зардап шеккендердің барлығына кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу арқылы шұғыл көмек дер кезінде көрсетілді»,- деді ол.

Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әдісі – кене энцефалитіне қарсы вакцинация.

«Қалада екпелерді тұрғылықты жері немесе тіркелген жері бойынша қалалық емханаларда дәрігермен кеңескеннен кейін тегін алуға болады. Вакцинация курсы 1-7 ай аралығында жүргізіліп, 2 екпе алудан тұрады. Вакцинацияны жыл бойы, соның ішінде эпидемиялық маусымда жүргізуге болады. Бірінші және екінші егу арасындағы ең оңтайлы аралық 5-7 ай (күз-қыс айлары). Эпидемиологиялық маусымда кене энцефалитінің ошағына баруға екінші вакцинациядан кейін 2 аптадан кешіктірмей рұқсат етіледі», — деп түсіндірді спикер.

Ревакцинация жылына бір рет вакцинация курсы аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Кейінгі ревакцинация үш жылда бір рет жүргізіледі. Нұсқауларға сәйкес, кене энцефалитіне қарсы вакцина алу 3 жастан асқан балаларға және ересектерге ұсынылады.

TuraNews

Back to top button