МәдениетСпорт

«Әлем қазақтарының үздік спортшылары» туралы кітап шықты

Алматыда 21 сәуірде, қандасымыз Дәурен Бақытқажыұлының «Саңлақ» (Әлем қазақтарының үздік спортшылары) атты «Әдебиет» баспасынан жарық көрген кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Turanews.kz порталы ҚазАқпарат агеттігіне сілтеме жасап.

Тұсаукесерді Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан жүргізді.

«Бүгін міне, қазақ даласының рухын асқақтататын «Саңлақ» атты кітаптың тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Еліміздегі ғана емес, жер жүзіндегі қазақ спортшыларының басын қосқан өте ауқымды дүние, үлкен еңбек. Осыншама жерді, осыншама даланы қорғауға саңлақтарымыздың қосқан үлесі зор. Шынымен батырлық пен рух болмаған жерде бұндай даланы ұстап тұру мүмкін емес. Әлемнің 16 елінде қазақ тарландары ұлттың атын ұлықтап жатыр. Елдің рухын көтеретін – спорт»,-деп атап өтті Б. Беделхан тұсаукесер рәсімің ашылуында.

Сондай-ақ, аталмыш кітаптың тұсаукесеріне Әлем және Олимпия ойындарының қола жүлдегері, кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO International чемпионы, боксшы Қанат Ислам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Мұрат Шаймаран, «Жасыл әлем» демалыс орнының директоры, кәсіпкер Ермек Кеңесхан қатысты.

Дәурен Бақытқажыұлы 1989-жылы, 10-сәуірде Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Ақбелдеу ауылына қарасты Жамбылқора қыстағында дүниеге келген. 2010-2012 жылдары Күйтің қаласындағы оқу-ағарту институтында қазақ әдебиеті мамандығынан білім алған.

«Қарағайбастау», «Қарағайбастау сазгерлері», «Азаттығым-ғажап күнім» алманақтарына өлеңдері енген. «Он сегіз», «Махаббат шыңы» жыр жинақтары, «Қытайдағы қазақ спортшылары», «Моңғолядағы халықаралық қазақ спортшылары» кітаптары жарық көрген.

Via
Adebiportal

TuraNews

Back to top button