Алматыдағы жалпықалалық сенбілікте 15 мың текше метр қоқыс жиналды
Алматыда 22 сәуір күні қала әкімдігінің қолдауымен қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған Almaty Clean & Green кең ауқымды экологиялық акциясы өтті. Қала әкімі Ерболат Досаев екі жердегі – Баум тоғайы мен Медеу ауданындағы экоакцияға қатысты, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қала әкімі Ерболат Досаев екі жердегі – Баум тоғайы мен Медеу ауданындағы экоакцияға қатысты.
Шаһар басшысының айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялауға бағытталған мұндай акциялар мегаполисте жақсы дәстүрге айналуға тиіс.
Жалпықалалық сенбілікке 82 мыңнан астам адам қатысып, 5 мың ағаш отырғызылып, 15 мың м3 астам қоқыс жиналды.
Экологиялық акцияны амбассадорлар, танымал әртістер бірауыздан қолдады.
«Керемет, тамаша акция. Әлемде экология мәселесі қаншалықты өзекті екенін бәріміз білеміз, бұл сүйікті қаламыз – Алматыға да қатысты. Бұл өте маңызды оқиға, біз Almaty Clean & Green акциясын тал егуден бастағанымызға қуаныштымыз. Жас шыбықтың жайқалған ағашқа айналарына сеніміміз мол», — дейді «Джулия» мюзиклінің ұжымымен бірге акцияға қатысқан белгілі музыкант, A’Studio тобының продюсері Байғали Серкебаев.
Сенбілікке қатысқан ақын Мұратқан Шоқан алматылықтарды жасыл желекті күтіп ұстауға шақырды.
«Сенбілікке бүгін тұрғындар, еріктілер, әртістер қатысып жатыр. Біз жасыл желекті аялап ұстауымыз керек. Меніңше, бұдан біздің қаламыз көркейеді. Сенбі күні ғана емес, күнделікті өмірде де осыны ұстануымыз керек», — деді ақын Мұратқан Шоқан.
Айта кетейік, жалпықалалық сенбілікті өткізуге «Posadiderevo.kz» РҚБ, ECONETWORK, Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы, «Спорттық туристер достастығы» ҚҰ, «Greenup.kz» ҚҚ мұрындық болған. Қоғамдық ұйымдар әлеуметтік желілерде акцияны заманауи форматта өткізуге шақырды.