Спорт

Елімізде Ұлттық спортты дамыту Концепциясы әзірленетін болады

Бүгін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың төрағалығымен жиналыс өтті. Жиналысқа Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты 9 Федерация президенттері, вице-президенттері және атқарушы директорлары офлайн және онлайн форматта қатысты. Аталмыш бас қосуда Ұлттық спорт түрлерін дамыту Концепциясын әзірлеу мәселесі талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген қауымдастық президенті И. Салжанов ұлттық спорттағы негізгі проблемаларды анықтап оны оңтайлы шешу керектігін баса назарға алды.

«Өздеріңізге белгілі осы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда, Президент ұлттық спортты дамыту Концепциясын әзірлеуді және ат спорты түрлерінен жарыстар өткізу барысында қауіпсіздік мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Осыған орай, біз бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Отандық және халықаралық сарапшы мамандарды жұмылдырып, біз жыл соңына дейін Ұлттық спортты дамыту Концепциясын таныстыруымыз қажет» деді Исламбек Төлеубайұлы.

Аталған Концепцияны әзірлеуден бұрын қауымдастық әлемдегі тәжірибесі мол елдердің мамандары мен ғалымдарын жинап ғылыми конференция өткізуді жоспарлауда.

Конференцияны өткізудегі басты мақсат – ұлттық спортты дамыту Концепциясын өте жоғары деңгейде әзірлеу, сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінің ережелерін жан-жақты талқылап, өзгерістер енгізуге ұсыныстар жасау болып табылады.

Сондай-ақ, жиын барысында Федерация мен қауымдастық арасындағы өзара байланыс регламентін бекіту, бірегей брендбук пен маркетингтік жоспарды әзірлеу сынды мәселелер көтеріліп, Федерация басшыларынан ұсыныстар тыңдалды.

Қауымдастық Президенті И. Салжанов келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жіті назарында екенін жеткізді. Сол себептен де осындай бас қосуларды жиілетіп, Көшпенділер ойынын Олимпиадалық ойындармен деңгейлес дәрежеде өткізу керектігін жеткізді.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз-қызметі.

TuraNews

Back to top button