Төрт жыл бұрын жоғалған өзбекстандық Атырау облысынан табылды
Төрт жыл бұрын жоғалған өзбекстандық Атырау облысынан табылды. Ол елімізге 2017 жылы келген, ал, 2019 жылдан бері із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Мигрант» іс-шарасы кезінде еліміздің көші-қон заңдылығын бұзған шетелдіктер анықталған.
«Мұндай іс-шараны өткізудің бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, көші-қон зандылығын бұзған шетел азаматтары анықталады. Екіншіден, олардың ел аумағында заңсыз жүруін болдырмау, ал, үшіншіден, Қазақстаның аумағынан өз еркімен шығу туралы сот қаулыларын орындамаған шетелдіктерді анықтау көзделеді. «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері 2019 жылдан бері іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының 1975 жылғы азаматын анықтады. Шетелдік 2017 жылы жұмыс бабымен Қазақстан аумағына келген. Ал, 2019 жылдан бері Нүкіс қаласындағы туыстарынан байланысын үзген. Сол себептен, оның туыстары Нүкіс қаласының ішкі істер бөліміне арыз берген. Осылайша шетелдік азамат өз елінде із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілген», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері 48 жастағы шетелдіктің кім екенін анықтап, еліне қайтару үшін тиісті құжаттар тізбесін жинақтап жатыр. Өзбекстан Республикасының азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.