Қоғам

Президент ТРК мен ӘЗЕРТАДЖ агенттігі серіктестік байланыс орнатты

10 сәуірде Астанада Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Президенті Телерадиокешені мен Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі (ӘЗЕРТАДЖ) арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.

Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Алиевтің кездесуі аясында меморандумға ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева мен Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігінің төрағасы Вугар Алиев қол қойды.

Қазақстан мен Әзербайжанның медиаресурстары медиаконтент алмасу, бірлескен, ұлттық және халықаралық деңгейде өзара ілгерілету бойынша серіктестік қарым-қатынас орнатады.

«Мәдени-гуманитарлық байланыс мемлекетаралық қатынастың маңызды бағыты. Медиа шығармашылық байланысты жолға қоюға, жасампаз контент жасау үшін ортақ жобаларды жүзеге асыруға, өңірдегі медиа саланы дамытуға үлкен септігін тигізе алады», — деп атап өтті Президент ТРК басшысы Р.Қажыбаева.

ӘЗЕРТАДЖ жетекшісі Вугар Алиевтің сөзінше, Қазақстан мен Әзербайжанның алдыңғы қатарлы екі медиасының серіктестігін дамыту екі елдің масс-медиа өкілдерінің әлеуетін нығайтуға, экономикалық, гуманитарлық және мәдениет саласында тиімді ақпаратпен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Кеше қол қойылған меморандум Президент ТРК-нің халықаралық келісімдер пулын толықтырды. Олардың қатарында «Saudi Press Agency», «Trend», «Yonhap», «TPS», «УзА» және басқа да алдыңғы қатарлы шетелдік медиакомпаниялар бар.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Қазақстанның ірі медиа-компанияларының бірі, оның құрамына «Jibek Joly» телеарнасының ұлттық және халықаралық нұсқасы, Қазақстандағы ең көне «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі мен Деректі кино орталығы кіреді.

ӘЗЕРТАДЖ (толық атауы – Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі) – Әзербайжан Республикасының алдыңғы қатарлы ақпарат агенттігі, жергілікті және шетелдік БАҚ үшін мемлекеттік ақпаратты тарататын жалғыз ресми дереккөз. Ресми хабарламалармен қатар, әзербайжан, ағылшын, орыс, француз, неміс, араб, қытай және испан тілдерінде қоғамдық-саяси және экономика тақырыптарына қатысты сенімді әрі жедел ақпарат таратады.

TuraNews

Back to top button