Мәдениет

Ұлыбритания қазақтары ұлттық дәстүрлерді дәріптеді

Тұманды Альбионда тұратын қазақ диаспорасының мүшелері өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеді. Ұлттық тағамдар пісіріп, тұсаукесер рәсімін өткізді, арқан тартудан жарыс ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Жергілікті қазақтар Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналып, биыл бесінші рет бас қосып отыр. Көпшілігі осында отбасы жағдайымен немесе жұмыс бабымен көшіп келгендер. Ұлттық тағамдардан дәм татып, туған жерге деген сағыныштарын басады.

Отандастарымыз Тұманды Альбионда түрлі салаларда нәпақасын айырып жүргендер. Бірінің жұмысы мұнаймен байланысты болса, енді бірі ұстаздық етеді. Араларында 20 жылға жуық уақыттан бері осында тұрып жатқандар да бар. Бірақ ешқашан туған жерімен байланысын үзген емес.

Диаспора мүшелерінің қатарында ағылшыннан қыз алып немесе ағылшынға күйеуге шыққан қандастарымыз да көп. Ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Қазаққа күйеу бала болғандар ошақтың жанында жүгіріп, қызмет етті. Оттың қызуын қадағалап, палау басуға көмектесті.

Қыз-келіншектер қауымы болса, асханада тамақ пісіріп, ет асты. Қазақстаннан әкелінген қазы мен жайманы қазанға салып қайнатты. Негізі, Ұлыбританияға сырт елден тамақ тасуға тыйым салынған. Бірақ ауылдың дәмін сағынғанда қазақтарға ештеңе де бөгет болмайтын сияқты. Бүгін де дастархан құрт пен ірімшікке, қазы мен қартаға толы.

Диаспора мүшелері ұлтымыздың жөн-жоралғыларын жақсы біледі, салт-дәстүрлерін қатаң сақтайды. Балаларына үйретіп, бұлжытпай орындауларын қадағалайды. Бұл күні де әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырды. Өскелең ұрпақ көрсін-білсін деген ниетпен жиналғандар тұсаукесер рәсімін өткізді. Жаңа өмірге қадам басқан баланың жүйрік болып, шауып кетуін тіледі.

Бұдан бөлек сыйлы қонаққа бас тартылды. Қойдың көзі мен құлағы, тілі мен құйқасы талаптарға сай үлестірілді. Сонан соң қазақтың ұлттық ойындары да көрініс тапты. Арқан тарту жарысы ұйымдастырылып, ерлер бөлек, әйелдер бөлек күштерін сынап көрді.

Ұлыбританиядағы Ұлы дала тойын ұйымдастырушылар дегеніне жеткендей. Ересектер ішке кіріп кеткеннен кейін кішкентайлар ешкімнің айтуынсыз-ақ арқан тартып ойнады. Бала көргенін істейді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген осы шығар?!

TuraNews

Back to top button