Әлем

Alibaba негізін қалаушы Джек Ма бір жылдан кейін Қытайға оралды

Alibaba негізін қалаушы және Қытайдағы ең бай адамдардың бірі Джек Ма бір жылдан кейін көпшілік алдына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Bloomberg басылымына сілтеме жасап.

58 жастағы миллиардер Чжэцзян провинциясы Ханчжоудағы мектепке барған.

Ма 2020 жылы Қытайдың қаржы реттеушілерін сынағаннан кейінгі үш жылда көпшілік алдына шыққан жоқ.

Ол — технологиялық кәсіпкерлерге қарсы репрессия кезінде жоғалып кеткен Қытай миллиардерлерінің бірі.

South China Morning Post хабарлауынша, ол бір жыл шетелде болып, жақында ғана Қытайға оралған.

Alibaba-ға тиесілі басылым ол Гонконгта шамалы аялдап, достарымен кездесіп, Art Basel халықаралық сурет жәрмеңкесіне қатысқанын жазды.

Сонымен қатар кейінгі үш жылда Ма мырза компанияларындағы қызметінен де алыстап, ауылшаруашылығы технологиялары туралы көбірек білу мақсатында түрлі елдерге саяхаттағаны белгілі болды.

BBC News Джек Маның Ant Group қаржылық технологиялар алыбын бақылаудан биыл қаңтарда бас тартқанын еске салды.

Кейбір сарапшылар мұны өзінің шектен тыс ашықтығы мен беделінің салдарынан Қытай компартиясының қаһарына іліккенінің дәлелі деп қабылдады.

2020 жылдың қазанында Шанхайдағы қаржы конференциясында Ма дәстүрлі банктерде «ломбард менталитеті» бар екенін мәлімдеді.

Келесі айда Ant жоспарлаған, әлемдегі ең ірі ықтимал операция — 26 миллиард фунт стерлингті қаржы нарығына енгізуді Қытай билігі тоқтатты.

Содан бері Джек Маны түрлі елдерде – Испания, Нидерланд, Тайланд пен Аустралияда көрдік деген ақпараттар тарады.

Былтыр қарашада Financial Times газеті Alibaba негізін қалаушының алты айдан бері Жапония астанасы Токиода тұрып жатқанын хабарлады.

TuraNews

Back to top button