Грузияда шетел агенттері туралы заң жобасы кері қайтарылды
«Грузин арманы-Демократиялық Грузия» билеуші партиясы жаппай наразылықтан кейін Грузия парламентінен шетелдік агенттер туралы заң жобасын алып тастау жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы саяси бірлестіктің бейсенбі күні жарияланған мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамның әрбір мүшесінің алдында жауапты басқарушы күш ретінде біз өзіміз қолдаған шетел агенттері туралы заң жобасын ешқандай алғышартсыз кері қайтарып алу жөнінде шешім қабылдадық», — делінген партияның сайтында.
Грузия парламенті сейсенбі күні бірінші оқылымда «шетел агенттері» туралы заңды мақұлдаған еді.
Осыған байланысты Тбилиси орталығында екі күн бойы наразылық акциясы өткен. Бірнеше сағат бойы мыңдаған адам қатысқан ереуіл салыстырмалы түрде тыныш өтті.
Жергілікті уақыт бойынша түн ортасына бір сағат қалғанда наразылық білдірушілердің бір бөлігі парламент ғимаратын қоршай бастағанда жағдай ушықты.
Грузин ақпарат құралдарының хабарлауынша, наразылық білдірушілер арасында арнайы жасақтан қашқан кезде пайда болған газ, түтін және төбелестен зардап шеккендер көп. Қамауға алынғандар да бар.