Экономика

Алкоголь сатуға лицензия беру толық автоматтандырылды

Қазақстанда алкоголь өнімдерін сатуға берілетін лицензияны автоматты түрде алуға болады. Толығырақ Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті әкімшілендіру департаменті акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерлан Далбин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алкоголь және темекі өнімдерін сатумен айналысуға лицензиялар беру автоматтандырылған. Оны e-gov.kz веб-портал арқылы жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар артық талаптардың жойылғанына бірнеше жыл болды. Бүгінде лицензия алу оңай әрі қолжетімді. Сол сияқты салық төлеуші кірістер департаменті мамандарымен тікелей байланыспайды. Бұл бір жағынан, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алса, екінші жағынан, бірыңғай тәртіп. Қандай да бір құжаттар болмаған жағдайда жүйе автоматты түрде лицензия беруден бас тартады», — деді Ерлан Далбин кірістер комитетінің YouTube каналында өткен тікелей эфир барысында.

Спикер айтқандай, алкоголь және темекі өнімдерін сатуға лицензия алу тәртібі туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан табуға болады.

Сондай-ақ, комитет өкілі ұсынған мәлімет бойынша, сыра және этил спирті мен алкоголь өнімін сатуға 3 000 АЕК алым, тек сыра сусынын өндіруге 2 000 АЕК қарастырылған.

Алкоголь өнімдерін көтерме сатуға лицензия 200 АЕК тұрады. Айтуынша, лицензиялар құны өңірлер бойынша өзгеріп отырады. Атап айтқанда, Астана және республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда 100 АЕК, аудандық маңызы бар қалалар мен кенттерде 70 АЕК, ал ауылдарда 30 АЕК алым көзделген.

TuraNews

Back to top button