Орталық Азия елдері электр энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр
Қазақстанда электр қуатының тапшылығы мәселесі күннен-күнге өткір болып барады. 2022 жылы электр энергиясының тапшылығы 8 ай — қаңтар, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қараша, желтоқсан айларында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ranking.kz порталының мәліметінше, жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы дерегінше, 2022 жылдың қорытындысында электр энергиясын өндіру 112,86 млрд кВт/сағатты құрады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайыз аз. Бірақ, тұтыну шамамен бірдей болды.
Биыл 1 ақпанда ҚР Энергетика министрлігі кеңейтілген алқа отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр соңғы екі жылда Қазақстанда электр энергиясының, әсіресе ең жоғары жүктеме сағаттарында, тапшылық өткір сезілетінін атап өтті.
Республика тапшылықты біршама жоғары бағамен Ресейден алуға мәжбүр. Тапшылық тәулігіне 1 200 МВт-қа жетеді. Сарапшылар мұны тұтынудың артуы, энергетикалық инфрақұрылымның тозуы және апаттылығының жоғары болуымен байланыстырады.
Энергетика министрлігі Қазақстанда энергия тұтынудың орта мерзімді болжамын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында елімізде пайдаланылатын электр энергиясының көлемі жыл сайын орта есеппен 3 пайыз артады. Өндіріс те өседі, бірақ бірдей қарқынмен емес.
Алдағы жеті жылдағы электр энергетикасындағы өндіріс пен тұтыну деңгейі 2023-2025 және 2028 жылдары сальдо теріс болатынын көрсетеді. Елге жыл сайын 1,3-1,6 млрд кВт/сағат электр энергиясы жетпейді. Ал 2029 жылы тапшылық шегіне жетіп, 5,5 млрд кВт/сағат болады.
Жалпы, Қазақстанда проблеманы шешуге және электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыруға арналған энергетика саласындағы жобалар қазірдің өзінде белсенді жүзеге асып жатыр.
Мысалы, болашақтағы энергия тапшылығын еңсеру мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ қазірдің өзінде ел өңірлерінде бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыруда.
Электр стансаларын көмірден газға көшіру арқылы энергетика саласында зиянды шығарындыларды азайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бірқатар станцияны пайдаланудан шығаруды ескере отырып, Қазақстан 2035 жылға қарай шамамен 17 ГВт жаңа қуатты құруы қажет. Оның 11 ГВт-қа жуығын (65%) «Самұрық-Қазына» қоры іске қосады.
Қырғызстанда биылғы қыста ел билігі тұтынуды азайту үшін электр қуатын өшіре бастады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл ауа райының суытуына байланысты жүктемесі артқан тозығы жеткен жабдықты сақтау үшін қажет.
Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, электр қуатының өшуі Қырғызстандағы электр қуатының тапшылығынан туындап отыр. Өйткені елде өндіріске қажетті қуат жоқ.
Күзгі-қысқы кезеңнен өту үшін Қырғызстанға 16,4 млрд кВт/сағат электр энергиясы қажет болса, оның 13,4 млрд кВт/сағатын ғана өндіре алады.
Қырғызстанның энергетикалық жүйесінде резервтік қуат қалмағандықтан, тағы 3 млрд-қа жуық басқа елдердің импорты есебінен толтырылуы тиіс. Сонымен қатар, биыл Қырғызстанда электр энергиясының айтарлықтай тапшылығы туындауы мүмкін.
Бұл туралы республика министрлер кабинеті басшысының орынбасары Бақыт Торобаев мәлімдеген. Оның айтуынша, 2022 жылдың жылу беру кезеңінде республикада электр энергиясын тұтыну 15,9 млрд кВт/сағатты құраса, 2023 жылы ол 16,6 млрд кВт/сағатқа жетеді. Тапшылық 1,9 млрд кВт/сағ құрауы мүмкін.
Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас: елдегі энергия тапшылығына байланысты күн сайын дерлік бірнеше сағатқа электр қуаты өшіріледі.
Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов 7 желтоқсанда Газета.uz басылымына берген сұхбатында электр қуатын өшіруді қиын кезеңдегі қажетті іс-шара деп атаған.
Оның айтуынша, суық ауа райында электр энергиясын тұтынудың айтарлықтай артуы табиғи газ бен электр энергиясының қалыптасқан тапшылығына әкелді. Осыған байланысты билік белгілі бір шектеулер енгізуге мәжбүр.
Өйткені мемлекеттің басымдығы — халықты және әлеуметтік нысандарды энергия ресурстарымен қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда, әсіресе ең жоғары жүктемелер тіркелген ең суық кезеңде Өзбекстанда тәуліктік тұтыну 18-20 млн кВт/сағат көлемінде электр энергиясының тапшылығы байқалады.