Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастық пен дамуды ілгерілету мақсатында соңғы үш жылда 131 жоба ұсынған. Кеше оның 115-і жүзеге асырылды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан — ортақ интеграциялық жобалардың бастаушысы. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы айтты, деп хабарлайды Turanews.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.
Михаил Мясниковичтің сөзінше, келер жылы одақ инвестициялық бастамаларға несие беруде субсидиялауды қолға алады. Өйткені бизнеске ауқымды қолдау қажет. Бұл ретте қазақстандық кәсіп иелері өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүдделі.
«Ортақ кооперациялық жобалар саудада, инвестициялық бағытта болады. Оларды 2024 жылдан бастап қолға алу жоспарланған. Ол үшін келісімшартқа өзгерістер енгізу керек. 4 мемлекет ратификацияға қол қойды. Қазақстан аталмыш бастамаларға қатысты құжаттармен танысып жатыр. Осы арқылы біз сауда-саттық саласының ауқымын кеңейтеміз.» — деп мәлімдеді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович.
Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Шараға Одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары қатысты. Шағын құрамда өткен жиында алкоголь нарығын реттеу мәселелері талқыланды. Ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың дайындалу барысы қаралды. Сондай-ақ Одақтың өңірлік даму институттарының қызметін жетілдіру сөз болды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың пікірінше, жиында қабылданған шешімдер интеграциялық бірлестіктің одан әрі дамуына елеулі үлес қоспақ.